Алматы облысында әкесі қызын пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында 15 жастағы қыздың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Әлеуметтік желіде Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында ер адам өзінің 15 жастағы қызын пышақтап өлтіргені туралы ақпарат тарады.
Алматы облысының полиция департаменті кісі өлтірді деген күдікпен Тұздыбастау ауылының тұрғыны ұсталғанын растады.
— Отбасы туыстарының бірі полицияға 15 жастағы студенттің мәйіті табылғаны туралы хабарлады. Оқиға орнына келген полицейлер алкогольдік масаң күйде болған күдіктіні ұстады. Сондай-ақ үйден қылмыс құралы тәркіленді, — деп хабарлады департаменттен.
Қазір тәртіп сақшылары бұл дерек бойынша кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіп жатыр. Іс Алматы облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды.
Еске салайық, биыл 6 қыркүйекте Талғарда жантүршігерлік қылмыс болды. Бейтаныс адам ер кісіні атып, кішкентай қызды алып қашып кетті.
Тергеу мәліметінше, күдікті мен кішкентай қыздың анасы бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Араларында жанжал шығып, ер адам әйелдің ағасын мылтықпен атып тастаған. Ол алған жарақатынан сол жерде көз жұмған.
Кейін полицияның арнайы жасағы қызды босатып, күдіктіні ұстады. Артынша жарақат алған кішкентай қызға ота жасалды.
Өткен аптада Талғардағы қанды оқиға бойынша іс сотқа жолданды.