Биылғы жылдың үш айында алимент бойынша 500 млн теңге сомаға берешек өтелді. 13 қасақана төлемеушіге қатысты ҚР ҚК-нің 139-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды (балаларды асырауға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау). Оның ішінде 3 адам нақты жазалау шараларымен сотталды, қалғандары бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүргізіліп жатыр.
Бір мезгілде прокуратураның бастамасы бойынша 107 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 95-і 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Сонымен қатар, балалардың пайдасына жалпы құны 32 млн теңге болатын 8 мүлік объектісі (жер учаскелері, тұрғын үйлер және автокөлік) берілді. Мысалы, борышкерлердің бірі берешекті өтеу есебінен өндіріп алушыға құны 7,5 млн теңге болатын жер учаскесін берді.
— Қабылданған шаралар ата-ана міндеттерін орындаудан әдейі жалтарған адамдар үшін жауапкершіліктің сөзсіз болуының тұрақты тәжірибесін қалыптастырады. Алимент міндеттемелері әлеуметтік маңызы бар және балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғауға тікелей әсер етеді, — деп хабарлайды прокуратура.
Алимент төлеуден жалтарудың әрбір фактісі заңда белгіленген тәртіппен жолын кесетін болады.
Бұдан бұрын ШҚО-да 328 баланың пайдасына 80 млн теңге алимент өндірілгенін жаздық.