Облыстық комиссия мүшесі Қуаныш Есенамановтың айтуынша, бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану тиімділігін бағалауға бағытталған тексеру 2024 жылдың 1 қаңтары мен 2025 жылдың 31 желтоқсаны аралығын қамтыған. Жалпы сомасы 22,8 млрд теңгеден астам қаражат қаралған аудит нәтижесінде 2,7 млрд теңгеге жуық бұзушылық анықталды. Бұл көрсеткіш екі жыл бұрынғы тексерумен салыстырғанда 5 есеге жоғары.
Сонымен қатар бюджет қаражатын жоспарлау мен игеруде де елеулі кемшіліктер болған. Аудиторлардың мәліметінше, жауапты органдар арасындағы үйлестірудің әлсіздігі мен талдау жұмыстарының жеткіліксіздігі салдарынан 2,5 млрд теңге тиімсіз жоспарланып, 83,4 млн теңге тиімсіз жұмсалған.
— Заң талаптарын бұзуға жол берген мемлекеттік мекемелердің 31 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек ӘҚБтК-нің бірнеше бабы бойынша жалпы сомасы 1,1 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Ал екі ауылдық округ әкіміне қысқартылған тәртіппен 434 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, толық өндірілді, — деді спикер.
Еске салайық, Шымкентте аудит нәтижесінде 43,3 млрд теңгенің заң бұзушылығы әшкере болды.