Әлеуметтік желілерде 10 жылдан астам уақыт бұрын бұл ауылды газдандыруға миллиондар теңге бөлінгенімен, газ кірмегені туралы ақпарат тарады.
Желідегі деректерге сәйкес, мердігер компания тек құбырларды тартып, кейін жабдықтарды сатып жіберген және жұмысты аяқсыз қалдырған. Қазір ауыл халқы көмір сатып алып, пеш жағып отыруға мәжбүр.
Облыс әкімдігінің жауабына сәйкес, 2023 жылы Энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасы Жайсанда газ құбырлары мен желілерін салуға байқау өткізген. Бас мердігер ретінде «ТурГаз» ЖШС белгіленген.
— 2024 жылы ауылішілік желілерді жүргізу аяқталды және жеткізуші газ құбыры қалпына келтірілді. 2025 жылғы мамырда сағатына 15 мың текше метр газ беруге қауқарлы «Қазбек бек» автоматтандырылған газ тарату стансасы салынды. Бұл нысан Жайсан ауылын да газбен қамтуға мүмкіндік береді. Үйлерді газға қосу желілер «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның қарамағына қабылданғаннан кейін басталады. Жұмыстарды 2025 жылғы 15 қазанға дейін аяқтау жоспарланған, — делінген ресми жауапта.
Сондай-ақ облыс әкімдігі «ТурГаз» ЖШС тек бас мердігердің қызметінін атқарғанын, үйлерді газға қосу мәселелері қызмет көрсетуші компаниялар мен тұтынушылар арасында тікелей жүзеге асырылатынын хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін елорданы толық газдандыру қашан аяқталатынын жазғанбыз.