Алматы облысында баланы ит талаған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Фото: СҚО ПД

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы Қарасай ауданында бірнеше ит балаға шабуыл жасаған болатын. Бас прокуратура аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. 

— Алматы облысының прокуратурасы Қарасай ауданына қарасты Жалпақсай ауылында жас балаға иттердің шабуыл жасауы фактісі бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлайды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, шабуыл жасаған иттер адамдарға әртүрлі тәуелділіктерден емдеу көмегін көрсететін жекеменшік оңалту орталығының аумағында ұсталған, — делінген хабарлдамада.

Прокуратураның мәліметінше, тергеу аясында оңалту орталығының үй жануарларын ұстау ережелерін сақталуына құқықтық баға берілетін болады.

Кінәлі тұлғалар заң талаптарына сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады.

Істің тергеу барысы прокуратураның ерекше бақылауында.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысы Қарасай ауданында футбол алаңында ойнап жүрген балаға жеке аумақтан шығып кеткен үш ит шабуыл жасағанын жазған едік. Баланы жақын маңдағы адамдар құтқарып қалған.