Алматы облысында биыл 150-ге жуық адам астан уланған

Фото: Алматы облысы ӨКҚ

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының стационарлық көмек бөлімнің басшысы Әділет Садибеков жыл басынан бері 144 адам тағамнан уланып, олардың 22-і стационарда болса, ал қалған 122-і амбулаториялық ем қабылдаған айтты.

Оның айтуынша, тағамнан улануға әкелетін бірден-бір фактор - азық-түліктің жарамдылық мерзіміне қарамау және оны сақтау ережесін ескермеу. Маман тамақ дайындау гигиенасын сақтау уланудың алдын алуға септігін тигізетінін айтады.

«Тағамды тоңазытқышта 5°C-тан төмен және мұздатқышта -18°C-та сақтаған жөн. Бұдан бөлек, патогендерді жою үшін ет, балық және жұмыртқаны толық термиялық өңдеу қажет. Асқа абай болсаңыз, тағамнан туатын түрлі дерттен аман боласыздар», - деді Әділет Садибеков.

Сондай-ақ, тамақтан уланудың белгілеріне тоқталған ол адамда бас айналу, құсу, іш өту сынды жайсыз белгілер байқалған жағдайда дереу дәрігерге жүгіну керек екенін ескертті.