Алматы облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағдат Әшімов есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы салмағы 12 тонна 674 келі 631 грамм есірткі заты тәркіленді.
«Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілген есептік кезеңде 83 есірткі қылмысы тіркелген. Синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан 4 жасырын зертхана анықталып, жұмысы тоқтатылған. Одан бөлек 278 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
— Аталған нәтижелер есірткі қылмыстарына қарсы күрестің бірнеше негізгі бағыты бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілгенін көрсетеді. Бұл ретте біздің жұмысымыз тек есірткі заттарын анықтап, тәркілеумен ғана шектелмейді. Ең басты басымдық заңсыз айналымның жолдарын жоюға, есірткі заттарының таралуына мүмкіндік беретін арналарды анықтауға және қылмыстық қызметтен түсетін қаржы көздерін бұғаттауға бағытталды, — деді Бағдат Әшімов.
Ол интернет арқылы есірткі заттарын жарнамалау мен тарату деректеріне де ерекше назар аударылғанын атап өтті. Биыл полиция күшімен есірткі заттарын жарнамалаған 695 интернет-ресурс бұғатталған. Сонымен қатар есірткі саудасынан түскен қылмыстық кірістердің қаржылық қозғалысын шектеу мақсатында «Антифрод-орталығы» жүйесіне 20 470 төлем деректемесі енгізілген.
— Жедел іс-шаралар барысында бірқатар ірі есірткі қылмыстарының жолы кесілді. Нәтижесінде 32 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, — деді полиция бастығының бірінші орынбасары.
Еске салайық, Есірткі таратушыларды ұстауға көмектескен ШҚО тұрғындары млн теңгеден астам сыйақы алды.