Алматы облысында биыл 6 тонна есірткі тәркіленді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының полиция департаменті есірткіге қарсы күрес жұмыстарының 9 ай ішіндегі қорытындысын жариялады.
– Биыл 9 айдың ішінде облыс аумағында 167 есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталды. Заңсыз айналымнан 6 тоннадан астам есірткі заты алынды, оның ішінде синтетикалық түрлері де бар. Облыс полициясы есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимылды күшейтті. 101 акция өткізіліп, 800 заңсыз жазу жойылды, 600-ден астам еріктілер жұмылдырылды. Мектептер мен колледждерде 330 дәріс өтіп, бейнематериалдар көрсетіліп, ақпараттық парақшалар таратылды, - деп хабарлады департаменттен.
Сондай-ақ «Кибернадзор» жүйесі арқылы есірткі сатуды насихаттайтын 1780 сайт бұғатталды. Ал «Антифрод-орталығы» арқылы 1333 банк картасы мен жүздеген шетелдік шот пен криптоәмиян анықталған.
Еске салайық, полиция интернет-алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті.