Алматы облысында былтыр 3514 адамды ит қапқан

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы облысының тұрғындарын қауіпті қаңғыбас иттер мәселесі бүгінгі күні де алаңдатады. 

Фото: Дарья Аверченко/Kazinform

Жалпы, 2023 жылы Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының ведомстволық ұйымдарында жабайы ит қауып, 3 514 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның 1908-і — ересек адам, 1606-сы — бала. Ал қайтыс болу фактілері тіркелмеген. Бұл мәселеге байланысты Алматы облысының Ветеринария басқармасына сауал жолдап, иесіз иттерге байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрадық.

Ветеринария басқармасы 2024 жылы «Иесіз жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру» бағдарламасына облыстық бюджеттен 67,5 миллион теңге қаражат бөлінгенін хабарлады. Айтылған бағдарлама аясында 15 мың бас қаңғыбас ит пен мысықты аулау жоспарланған.

- Иесіз жануарларды аулаумен «Алматы облысының ветеринариялық станциясы» МКК-ның 9 аудандағы бөлімдері мен Қонаев қалалық ветеринариялық бөлімінің арнайы ит аулау топтары айналысады: 10 автокөлік, 32 маман, 10 изолятордағы 145 дана тор. 2024 жылдың басынан бері облыс аумағында 7 110 қаңғыбас ит ауланды. Оның ішінде иелері табылған немесе иттерді ұстауға ниет білдірген тұлғаларға 800 жануар қайтарылды, – деп жауап берді басқармадан.

Сондай-ақ, Ветеринария басқармасының мәліметінше, 2023 жылы жалпы облыс аумағынан 15 973 ит және 162 мысық ауланған. 1952 ит иесіне не жануарлар қорғаушылар ұйымдарына қайтарылған.

1200 қаңғыбас итке вакцина егіліп, ауланған ортаға қайта жіберілсе, 12 983 қаңғыбас жануарлар жансыздандырылып, инсинераторлар мен мал қорымдарында жойылған.

- Ұсталған иесіз жануарлар 9 аудан мен Қонаев қалалық ветеринариялық бөлімдерінде арнайы 10 изолятордағы 145 дана торда орналастырылады. 4 тәулік ішінде, асырауға алуға ниет білдірген адамға беріледі. 4 күннен кейін адамға, жануарларға шабуыл жасаған немесе адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жануарлар, емделмейтін аурулармен ауыратын жануарлар Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған препараттармен, дәрі-дәрмекпен (эвтаназиямен) ізгілікті түрде жансыздандырылады, – дейді Ветеринария басқармасынан.

Айта кетейік, үй маңайынан қауіпті иесіз иттерді байқаған Алматы облысыны тұрғындары 77477892532 байланыс телефонына, 109 (аухалдық орталық) нөмеріне хабараласа алады немесе oblvetstantsiya24@mail.ru электрондық поштасына жазбаша өтініш жолдауға болады.

Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласында орналасқан Кинология орталығында есірткі және өзге де тыйым салынған заттарды іздейтін иісшіл иттер қалай дайындалатынын жазған едік.