Алматы облысында жекеменшік балабақша басшылары 134 млн теңге жымқырды: үкім шықты

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы Іле аудандық соты жалған келісім-шарттар жасау арқылы бюджет қаражатын ұрлаған сегіз айыпталушыға үкім шығарды.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Сотпен анықталғандай, 2022 жылдың желтоқсан айында сотталушылар алдын ала сөз байласу арқылы балабақшаларды тіркеу туралы жалған құжаттар ұсынып, кейін қағидалардың талаптарына сәйкес деп танып, мектепке дейінгі ұйымдардың тізбесіне енгізген.

2023 жылдың қаңтарында Іле аудандық білім бөлімі және жекеменшік балабақшалар мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасасқан, оның шарттары бойынша олардың қызметін мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша қызметтер көрсетуге ай сайынғы төлемдер арқылы мемлекет қаржыландырған.

«Осылайша Іле аудандық білім бөліміне 134 млн теңгеден астам залал келтірген», — деп атап өтті соттан.

Сот жаза тағайындау барысында қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды, атап айтқанда: шын ниетпен өкінуі, келтірілген залалды ерікті түрде өтеуі, сондай-ақ екі сотталушыда жас балаларының болуын ескерді.

«Сот үкімімен барлық сегіз сотталушы кінәлі деп танылды. Екі айыпталушыға — 5 жыл 6 ай мерзім, төрт сотталушыға — 5 жыл және екі сотталушыға — 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 74-бабына сәйкес екі сотталушы жазасы балалары 14 жасқа толғаннан кейін өтейді», — деп атап өтті аудандық соттан.

️Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Іле ауданының 7 жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшыларына қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеудің аяқталғаны туралы жазған едік.