Алматы облысында «бір күндік клиника» жобасы іске қосылды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында «бір күндік клиника» жобасы бастау алды. Пилоттық жобаның мақсаты – әйелді жүктіліктің 10-шы аптасына дейін есепке алу.

Фото: Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы

Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаеваның айтуынша, тиісті скринингтік ультрадыбыстық зерттеу, хромосомалық ауытқуларға тексеру үшін қан алу, тағы басқа маңызды тексерулер бір күн ішінде әрі тегін жүргізіледі.

Фото: Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы

— Ұрықтың пренаталды диагностикасының сапасын жақсарту, балалар арасында сырқаттанушылық пен мүгедектікті уақтылы диагностикалау және алдын алу, ұрықтың туа біткен ақауларынан нәресте өлімін азайту үшін Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының базасында сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеуді, биохимиялық скринингті және генетикалық консультацияны қамтитын «бір күндік клиника» жобасы іске қосылды,— деді ол.

Дәрігердің сөзінше, даму патологиясы анықталған кезде, пренаталды көпсалалы консилиумда жүктілікті жалғастыру немесе тоқтатудың одан әрі тактикасы анықталады. Көпсалалы комиссияның құрамына генетик дәрігер, ультрадыбыстық маман, акушер-гинеколог, балалар кардиохирургы, балалар нейрохирургы және неонаталды хирург кіреді.

Фото: Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы

Комиссия отырысында отбасына анықталған аурудың барлық салдары, жүктілікті ұзарту туралы шешім қабылдау кезінде баланың өмірінің болжамы және мүгедектік дәрежесі түсіндіріледі.

— Бір күндік клиника жүкті әйелдерге бір күн ішінде барлық тексерулерден өтуге мүмкіндік береді. Мұнда «бүгін және қазір» принципі маңызды рөл атқарады. Біз жүкті әйелдерге мемлекеттік тегін медициналық көмек аясында медициналық диагностика мен емдеудің ең заманауи әдістерін ұсына алатынымызға сенімдіміз, — дейді Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының директоры Эльмира Берікова.

Фото: Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы

Осыған дейін хабарлағанымыздай, кепілдендірілген тегін медициналық көмектің бірқатары енді сақтандыру есебінен көрсетіледі.

Фото: Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы