Алматы облысында бір үйір жылқыны айдап кеткен ер адам 8,5 жылға сотталды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында мал иесіне 12 миллион теңге шығын келтірген барымташы сотталды.

Фото: ҚР Үкіметі

Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, мал ұрлығы былтыр болған.

«2023 жылдың қыркүйек айында Жамбыл аудандық полиция басқармасына 30 бас жылқы жоғалғаны туралы жергілікті тұрғын арыз түсірді. Қылмысты «ізін суытпай» ашуға мүмкіндік болмады, себебі жәбірленуші полицияға малдарын өз бетінше іздеуден үмітін үзген соң бір аптадан кейін ғана жүгінген»,- деп хабарлады ведомстводан.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында тәртіп сақшылары ұрланған жылқылар Жамбыл облысының Меркі ауданында екендігі туралы ақпарат алды.

«Келіп түскен ақпарат бойынша бірқатар тексеру жұмыстары жүргізіліп, ұрланған жылқыларды сатып алушы анықталды. Сол адам арқылы күдікті белгілі болды. Мән-жайларды зерделей келе барымташтың жылқыларды бірнеше күн бақылағанын білдік. Кейін ол қолайлы сәтті пайдаланып, жайылымнан бір үйір жылқыны айдап әкетіп, алдын-ала дайындаған жерге жасырған. Сосын жүк көлігіне тиеп көрші Жамбыл облысына жеткізген», – деп атап өтті Жамбыл аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Бейбіт Байзиханов.

Полиция өкілінің сөзінше, Жамбыл аудандық соты 30 бас жылқыны ұрлаған ер адамға қатысты үкім шығарды.

«Жалпы келтірілген шығын 12 миллион теңгеден асты. Мал ұрлығын жасаған азамат сотпен кінәлі деп танылып, 8,5 жылға бас бостандығынан айырылды»,- дейді ол.