Алматы облысында егістіктің 17 пайызы ғана тамшылатып суарылады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында жалпы егіс алқабы — 431,2 мың гектар. Былтыр бұл көрсеткіш 423,9 мың гектар болған еді.
Көктемгі дала жұмыстары
Алдағы уақытта 224,8 мың гектарға ылғал жабу, күздік дақылдар егілетін 26,4 мың гектар жерді тырмалау, 184,9 мың гектар алқапта көктемгі жер жырту жұмысы жүргізіледі.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 7,3 мың гектарға ұлғайып, 431,2 мың гектарға жетті. Былтырғы көрсеткіш — 423,9 мың га.
Осы жылы 167,4 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көзделіп отыр. Соның ішінде 167,4 мың гектарға — дәнді дақылдар, 24,1 мың гектарға — майлы дақылдар, 211,8 мың гектарға — мал азықтық дақылдар, 10,3 мың гектарға — картоп, 17,4 мың гектарға — көкөніс-бақша дақылдары отырғызылмақ.
— 2025 жылдың өніміне 26,4 мың гектар алқапта күздік дақылдар себілді, оның ішінде бидай — 23,8 мың гектар, арпа — 1,5 мың гектар, 1,1 мың гектарға басқа дақылдар. Сондай-ақ 81,8 мың гектарға сүдігер жыртылды, — деп хабарлады Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасынан.
Тыңайтқыш
2024-2028 жылдарға арналған жол картасына сәйкес, осы жылға қажетті тыңайтқыш көлемі 60,8 мың тонна. Биыл 105,6 мың тонна қажеттілік кезінде облыста 60,8 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған.
— Өнім көлемін ұлғайту үшін 1 млрд теңге сомасына субсидия көзделген, бұл шамамен 15 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуға мүмкіндік береді — бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 мың тоннаға артық. Минералды тыңайтқыштың құнын субсидиялау бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіледі, — деп атап өтті ведомстводан.
Дизель
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден 2025 жылғы көктемгі дала жұмысына дизель отынына өтінім 1-31 желтоқсан аралығында gosagro электронды порталы арқылы қабылданды.
Көктемгі дала жұмыстарына жалпы көлемі 6521 тонна дизель отынына 485 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісінің өтінімі мақұлданды.
— 2025 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына арналған дизель отыны шығысының базалық нормативтері өзгерді. Бұл өзгерістер өңірлердің топырақ-климаттық жағдайларын ескере отырып, аграрлық бейіндегі ғылыми ұйымдардың ұсыныстары негізінде айқындалды, — деп түсіндірді басқарма өкілдері.
Ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңарту
2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 5,9 млрд теңгеге 473 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Белгіленген жоспарға сәйкес биыл 665 жаңа техника сатып алу жоспарда.
Көктемгі дала жұмыстарына «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы «Кеңдала» бағдарламасымен биыл 7,4 млрд теңге несие бөлінді, бүгінгі күнге 2,5 млрд теңгеге 40 өтінім түсті.
Су үнемдеу технологиясы
— 2024 жылы Алматы облысы бойынша су үнемдеу технологиясын пайдаланатын алаң 43,6 мың гектар болды. Оның ішінде жаңбырлатып суару — 24,7 мың гектар, тамшылатып суару — 18,9 мың гектар. Суармалы егістікті қамту үлесі — 17,7 пайыз. Су үнемдеу технологиясы майлы дақыл, көкөніс-бақша дақылдары, көпжылдық шөп сияқты дақылдарды өсіруге қолданылады. Бүгінгі таңда облыс бойынша су үнемдеу технологиясын 161 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі қолданып отыр. Осы жылы бұл көлемді субсидиялау, несие беру арқылы 93,6 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарда, — деп хабарлады басқармадан.
Еске салайық, Қазақстанда 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру былтыр қараша айында басталған болатын.