Алматы облысында екі атом электр станциясын салу жоспарланып отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысында екі АЭС-ті салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті.
— Атом саласы жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтіп, онда Қазақстанда атом электр станциясын салудың екінші перспективалық алаңы анықталды. Атом электр станциясының келесі орны да Алматы облысының Жамбыл ауданында. Бұл ретте еліміздің оңтүстігінде екінші станция да орналасады, өйткені ол жақта тапшылық бар. Қазір электр энергиясы «Солтүстік-Оңтүстік» транзиттік желісі арқылы қамтамасыз етілген. Жаңа станциялар энергиямен жабдықтаудың тұрақтылығын орнатады, — деді Алмасадам Сәтқалиев Парламент Мәжілісіндегі баспасөз мәслихатында.
Ол қазіргі уақытта станцияны салуда әлеуеті жоғары компаниялармен тиісті келіссөз жүріп жатқанын айтты.
— Қытайлық CNNC компаниясына қатысты түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Дегенмен, біз оны басым мердігер ретінде қарастырып жатырмыз, — деді агенттік басшысы.
Айта кетелік елдегі алғашқы АЭС атауына қатысты 20 мыңнан астам ұсыныс жолданғаны туралы жазған едік.