Алматы облысында дәретханадан 21 жастағы бойжеткеннің мәйіті табылды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – 2026 жылдың 29 маусымында Ұзынағаш ауылында ерлер әжетханасынан 21 жастағы бойжеткеннің мәйіті табылды.

Фото: ҚР ІІМ

Марқұмның жақындары оның өз-өзіне қол жұмсағанына күмән келтірді.

Олардың айтуынша, бойжеткен қайғылы оқиғаның алдында отбасымен бірге уақыт өткізуді жоспарлаған. Ол жұмыстан соң ағасының үйіне баруы керек болған, бірақ түнде байланысқа шықпай қалған.

Марқұмның туыстары қыздың денесін тексеру кезінде соққы іздері мен дене жарақаттары байқалғанын айтты. Одан бөлек бойжеткеннің жеке заттарын сай ішінен оның туыстары өз бетінше тауып, оны тергеушілерге тапсырған. Қыздың жақындары өлімнің мән-жайын мұқият әрі жан-жақты тергеуді талап етеді.

Алматы облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы («Өзін-өзі өлуге дейін жеткізу») бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.

Еске салайық, Петропавлда кәріз құдығының жанынан әйелдің мәйіті табылды.