Алматы облысында газ компаниясы қызметкерлері 168 млн теңге жымқырып қалған
АСТАНА. KAZINFORM — ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ-ның қаржысын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады.
Аталған акционерлік қоғам өңірге табиғи газ жеткізумен айналысады.
— Тергеу материалдарына сай компания қызметкерлері есептегіш құрылғылардың көрсеткіштерін тіркеп, тұтынушылардан қолма-қол ақша жинаумен айналысқан. Жиналған қаражатты олар материалдық жауапты тұлғаларға тапсырған.
Алайда аталған жауапты тұлғалар жиналған қаражатты заңды түрде өткізудің орнына өз пайдаларына жаратып, төлем туралы ақпаратты «SymphonyGAS» жүйесінде жасырып келген, — делінген Қаржылық мониторинг агенттігі хабарламасында.
Осылайша, компанияның директоры, оның орынбасары, аға оператор және аға бақылаушыдан тұратын тұлғалар тобы екі жыл ішінде тұтынушылар төлеген 168 миллион теңгені иемденген.
Сот санкциясымен күдіктілердің жалпы құны 165 миллион теңге болатын мүлкіне (тұрғын үй, пәтер және автокөлік) тыйым салынды.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.
Айта кетелік Президент Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілеттігін кеңейткен еді.