Алматы облысында қайтарылған активтер есебінен 1,1 млрд теңгеге спорт кешені салынады

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында қайтарылғаны активтер есебінен спорт нысандары салынады. 

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жансерік Әдиахметовтың айтуынша, өңірде 3 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр.

Кеген ауданы Жалағаш ауылында 50 орындық спорт кешені 60 пайызға дайын. Нысанды 2026 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Жоба құны — 1,1 млрд теңге және ол заңсыз активтерді мемлекетке қайтару тетігі аясында жүзеге асырылып жатыр.

— Одан бөлек Жамбыл ауданы Тарғап ауылында 70 орындық спорт кешенінің құрылысы 30 пайызға орындалған. Ашылуы 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында 70 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 25 пайызға аяқталған. 2026 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға берілмек, — деді ол.

Жалпы облыс аумағында барлығы 1891 спорттық нысан жұмыс істейді. Оның 1193-і білім беру ұйымдарында орналасқан, 195-і спорт мектептеріне тиесілі, сондай-ақ 503-і жеке спорттық нысандар.

Еске салайық, бұған дейін Қостанайда прокуратураның араласуымен бюджетке 616 млн теңге қайтарылғанын жазғанбыз.