Алматы облысында Қызыл кітапқа енген қарақұйрықты атып алған адам ұсталды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында Қызыл кітапқа енген аңды атып алған браконьер ұсталды. 

Фото: tabigat.media

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінен мәлім еткендей, қарашаның 24-інен 25-іне қараған түні «ПО Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары Алматы облысының Іле ауданындағы Ақши ауылының маңында жоспарлы рейд барысында жергілікті тұрғынды атпен жүріп бара жатқан жерінен тоқтатты. Тексеру барысында оның қолында Қызыл кітапқа енген, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген қарақұйрықтың еті табылды. 

«Заңсыз аңшылық жасаған күдікті және алынған заттай айғақтар осы факті бойынша Іле аудандық полиция бөліміне жеткізілді», - делінген комитет хабарламасында. 

Ведомство біздің елімізде сирек кездесетін және қорғалатын жануарларды заңсыз өндіру немесе тасымалдау үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. 

Осыған дейін Шарын ұлттық паркінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген қарақұйрықтардың фототұзаққа түсіп қалғаны туралы жазған еді.