Алматы облысында қоқыс өртенді

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін Алматы облысының Қарасай ауданындағы Ақсай шатқалында, «Ақсай» карьерінің аумағында қоқыс өртенді, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Оқиға орнына ТЖМ күштері мен құралдары жедел жетті. Өрт оқшауланды, жалынның жақын маңдағы аумақтарға таралу қаупі жоқ.

-Өртті сөндіру жұмыстары қиын рельефке байланысты күрделеніп отыр. Түтіндеп жатқан ошақтар өрт сөндіру техникасының жетуі қиын тік беткейде орналасқан. Сонымен қатар, қатты желдің екпіні түтіндеу ошақтарының таралуына әсер етіп, өртті толық сөндіру жұмыстарын қиындатты,-делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта оқиға орнында жерді рекультивациялау, аумақты топырақпен жабу және түтіндеу ошақтарын сөндіру жұмыстары жалғасуда. Жағдай ТЖМ-нің тұрақты бақылауында.

Осыған дейін ел аумағында 13 орман өрті тіркелгені туралы жаздық.