Алматы облысында қоқыс полигоны өртенді
14:21, 19 Маусым 2025
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы Ұзынағаш ауылы маңындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны жанып жатыр.
Алматы облысы ТЖД мәліметіне сәйкес, 18 маусым күні кешкі уақытта Жамбыл ауданына қарасты тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында өрт шыққан.
— Полигон жергілікті атқарушы органдардың қарамағында. Нысанның жалпы аумағы — 10 гектар, қалдықтардың тереңдігі 3-тен 7 метрге дейін. Алдын ала мәлімет бойынша, 1 гектар аумақты жалын шарпыған.
Өртті сөндіру жұмыстары су себу және қалдықтарды қоршау әдістері арқылы жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады облыстық ТЖД.
Қазіргі уақытта өртті сөндіруге 25 қызметкер мен 12 техника жұмылдырылған.
Еске салайық, бұған дейін «Семей орманы» резерватына өртті ерте анықтау жүйесі енгізілетінін жазғанбыз.