Алматы облысында қоқыс полигонындағы өртті сөндіруге 120-ға жуық адам жұмылдырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Оқиға орнында Алматы облысы ТЖД бастығы, полковник Дәурен Оразбековтің басшылығымен жедел штаб құрылды, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Фото: ТЖМ

Бүгінгі таңда қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын сөндіру және қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жекелеген учаскелерде 10 метрге дейінгі тереңдікте бықсу байқалады.

— Өрт ошақтарын сөндіру үшін инертті материалдар қолданылып жатыр. Жел бағытының жиі өзгеруі қосымша қиындықтар туғызып отыр. Полигонның ауданы бойынша соқамен жырту жұмыстары жүргізілді. Барлығы 7 өрт сөндіру учаскесі құрылды, — делінген ведомство хабарламасында.

Оқиға орнында Алматы облысы ТЖД бастығы, полковник Дәурен Оразбековтің басшылығымен жедел штаб құрылды.

Фото: ТЖМ

Өртті сөндіру жұмыстарына Алматы облысы, Алматы қаласы ТЖД, ТЖМ 28237 әскери бөлімі, жергілікті атқарушы органдар, «Қазселденқорғау» және Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің 120-ға жуық адамы мен 60-тан астам техникасы жұмылдырылды. Өрт сөндіру аймағына суды үздіксіз жеткізу үшін Тереңқара өзеніне сорғы-жеңді автомобиль орнатылды. Құтқарушылар диаметрі 77 мм 70 жеңнен тұратын магистральды желі тартты, оған 6 техника жұмылдырылған.

— Бұл шаралар өртті тиімді сөндіру үшін қажетті қысым мен судың жеткілікті мөлшерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жағдай Төтенше жағдайлар министрлігінің бақылауында. Өрттің жақын маңдағы аумақтарға таралу қаупі жоқ, — делінген таратылған ақпаратта.

Осыдан бұрын өрт шыққан кәсіпорынға бұрын заң бұзғаны үшін айыппұл салынғаны анықталды.