Алматы облысында көліктер лайға батып қалды: әкімдік түсінік берді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігі Шалқар ауылы тұрғындарының жолдардың ахуалына қатысты шағымына жауап берді.
Әлеуметтік желілерде Болашақ көшесінде көліктердің лайға батып, жүру қиындағанын көрсететін видео тарады. Мұндай жағдай ауылдың өзге көшелерінде де байқалып, тұрғындардың қозғалысын қиындатқан.
Әкімдіктің хабарлауынша, қазіргі уақытта Жандосов ауылдық округіне қарасты Шалқар ауылында ауызсу жүйесін қайта құру және жаңадан салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұл жобаға тапсырысты Қарасай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі берсе, мердігер қызметін «Карат З» ЖШС атқарып жатыр.
– Нысанның құрылысы әлі аяқталмаған. Жұмыстар толықтай 2026 жылдың желтоқсан айында бітеді деп жоспарланған. Су құбырларын тарту барысында ауылдың кейбір көшесіндегі жолдарға зақым келген, - делінген хабарламада.
Жергілікті билік мердігер компаниямен арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жолдарды құм мен қиыршықтас қоспасымен қалпына келтіруді, жүретін бөлігін техникалық талапқа сай ету керегін ескерткен.
Қазіргі уақытта екі көшеде құм-қиыршықтас төсеу жұмыстары аяқталған. Ал 20 ақпаннан бастап мердігер ауылдағы тағы сегіз көшеде жолдарды қалпына келтіру жұмысын бастайды.
Сонымен қатар Шалқар ауылындағы ұзындығы 1,5 шақырым болатын Болашақ көшесіне орташа жөндеу жүргізу үшін техникалық құжаттар дайындалған. Осы құжаттарға сүйене отырып, жөндеу жұмыстарына бюджетке өтініш берілген. Қаржы бөлініп, су құбырын қайта жаңарту аяқталған соң көшеге асфальт төсеу жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында аудан жолдарын жөндеуге биыл 25 млрд теңге бөлінгенін хабарлаған едік.