Алматы облысында құқығы бұзылған тұтынушылар 165 млн теңге қайтарып алды

Фото: Pixabay.com

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы Жеңісбек Ахметов 11 айдағы жұмыс қорытындысын жариялады.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын рұқсат берілгеннен (15%) көп сауда үстемесімен сатқан кәсіпкерлер анықталған. Барлығы 2025 жылдың 11 айында заң талаптарын бұзған 43 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Одан бөлек департаментке 11 айда тұтынушылар құқықтарының бұзылуына байланысты 2240 өтініш түскен. Оның ішінде:

— бөлшек саудада — 40%;
— білім саласы — 30%;
— Туристік сала — 7,5%;
— Электрондық сауда — 5%
— тұрмыстық қызметтерде — 4%;
— тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта — 3,5%;
— және т. б. — 10%;

— Түскен өтініштердің қорытындысы бойынша тұтынушыларға 165 млн теңге мөлшерінде ақшалай қаражат қайтарылды, яғни түскен өтініштің 89,1 пайызы қанағаттандырылды. Сонымен қатар жыл басынан бері 24 өнім сатып алынып, техникалық регламеттерге сай келмейтін 5 тауар анықталды, — деді Жеңісбек Ахметов.

Сондай-ақ ол өңірдегі 60 сауда базардың 10-ы жаңғыртылып жатқанын атап өтті. Оның ішінде: Қонаев қаласындағы Айша сити базары, Қарасай ауданындағы Алтын орда базары, Талғар қаласындағы Тәуіп базары және өзгелері бар.

— Алайда қазіргі таңда сауда базарларын жаңғырту жұмыстары кешеуілдеп, жол картасында көрсетілген тапсырмалар уақытылы орындалмауда. Бұған сәйкес департамент тарапынан тиісті басқармаларға хат жолданып, базар басшылығымен және қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, кездесу ұйымдастырылып, ескерту жасалды, — деді ол.

Еске салайық, бұған дейін қызылордалық тұтынушылар 21 млн теңге қаржысын қайтарып алғанын жазғанбыз.