Бүгін Алматы облысында 1 042 987 адам өз таңдауын жасай алады, оның ішінде кәмілет жасына толған 14 104 азамат алғаш рет сайлауда дауыс беру құқығына ие болды. Айта кетейік, өңірде таңғы 7:00–ден бастап 683 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады.
Мәселен, облыс орталығындағы № 956 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалғаннан кейін, дауыс беру процесі басталды. Мұнда алғашқылардың бірі болып Қонаев қаласының құрметті азаматы Амангелді Беспаев келді. Ақсақал алдымен жиналған жұртқа бата беріп, ел үшін маңызды оқиғада дұрыс таңдау жасауға шақырды. Қазақ дәстүрінде мұндай ақжолтай тілектер маңызды іс-шаралардың алдында айтылады.
— Еліміз өркедей берсін! Жасаған таңдауымыз келер ұрпақтың игілігіне қызмет етсін. Барша жерлестеріме амандық, бірлік пен береке тілеймін, — деді қария.
Облыстағы барлық сайлау учаскесі қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілген және дауыс беруді өткізуге дайын. Байқаушылардың, сенім білдірілген адамдардың және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуы үшін барлық қажетті жағдай жасалды.
Сайлау процесінің қолжетімділігіне ерекше назар аударылды. Айта кетейік, өңірде 2 122 ерекше қажеттілігі бар сайлаушы дауыс беруге қатыса алады. Сайлау учаскелерінде дауыс беруге арналған арнайы кабиналар, пандустар, тактильді көрсеткіштер және қолжетімді ақпараттық материалдар қарастырылған. Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын азаматтар үшін заңнамаға сәйкес дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс, тұрғылықты жері бойынша дауыс беру мүмкіндігі қамтамасыз етілген.
Сайлау күніне дейін өңір тұрғындарына 1 миллионнан астам шақыру табысталды. Дауыс беру күні өз елді мекенінен тыс жерде болатын азаматтарға 2 238 есептен шығару куәлігі берілді.
Айта кетейік, сайлау халықаралық байқаушылардың қатысуымен өтіп жатыр. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 42 шет мемлекеттен және 13 халықаралық ұйымнан 777 халықаралық байқаушыны аккредиттеді. Олардың қатысуы сайлау процесінің барысын халықаралық деңгейде байқауға мүмкіндік береді.
Сайлау учаскелері заңнамада белгіленген уақытқа сәйкес жұмысын жалғастырады. Алматы облысының тұрғындары өздерінің конституциялық құқықтарын іске асырып, Құрылтайдың жаңа құрамын қалыптастыруға қатыса алады.