Алматы облысында мемлекет меншігіне өткен екі шарап зауыты сатылымға шығарылды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС Алматы облысындағы екі нысанды аукционға қойды.

Фото: sauda.e-qazyna.kz

Қарасай ауданы

Электрондық сауда-саттық порталында сатылымға шығарылған алғашқы нысанның бағасы — 739 889 319,00 теңге. Лотта көрсетілген ақпарат сәйкес, бұл — шарап-арақ өнімдерін шығаратын зауыт және ол 1999 жылы салынған. Оның ішіне әкімшілік ғимарат, өткізу пункті, бірнеше қойма, сондай-ақ ыдыс цехы, механикалық цех, сорғы станциясы және өзге де объектілер кіреді.

Фото: sauda.e-qazyna.kz

Зауыт орналасқан жердің көлемі — 2,36 га, ал ондағы нысандардың жалпы ауданы 7 245,4 шаршы метр. Ол Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылы, Қабанбай батыр көшесі, 1 мекенжайында орналасқан. Сатып алушы зауыт үшін кепілдік жарна ретінде 110 млн теңге енгізуі міндетті. Сауда-саттық 2026 жылғы 8 желтоқсан сағат 10:00–де басталады.

Фото: sauda.e-qazyna.kz

Талғар ауданы

Аукционға қойылған екінші нысан да шарап зауыты. Жалпы ауданы 6 109,7 шаршы метрге жететін өндірістік кешен көлемі 3,0331 гектар болатын үш жер учаскесінде орналасқан. Мекенжайы — Алматы облысы, Талғар ауданы, Панфилов ауылы, Хантау көшесі, 23-учаске. Сауда-саттық биыл 10 желтоқсан күні сағат 10:00–де басталады. Бастапқы бағасы — 431 671 631,00 теңге.

Фото: sauda.e-qazyna.kz

Көрсетілген мәлімет бойынша мүлік құрамында шарап зауытының негізгі ғимараты, шарап сақталатын жертөле және зертхана бар. Одан бөлек әкімшілік-тұрмыстық корпусы бар қойма, күшті сусындар цехы, спирт қоймасы, қазандық және өткізу бекеттері қарастырылған. Сатып алуға ниет білдірген тұлға кепілдік жарнаға 64 млн теңге төлеуі қажет.

Фото: Kazinform

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған қонақүй сатылды.