Алматы облысында бір миллион шаршы метрге жуық баспана салынған
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында әлеуметтік осал санатқа жататын екі мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс секторы тұрақты өсім көрсетіп, баспанамен қамту көрсеткіші жылдан-жылға артып келе жатқанын айтты.
Әкімнің айтуынша, биылғы 10 айда облыстағы құрылыс көлемі 21% өсіп, 948 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
— Әсіресе әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтуға ерекше назар аударылған. Былтыр 1 281 отбасы баспанамен қамтылса, биыл 2 236 әлеуметтік осал топтағы отбасына үй беріледі. Кейінгі 30 жылда мемлекет тарапынан ешқандай үй салынбаған шалғай аудандарда, оның ішінде Нарынқол, Қайнар, Кеген, Үлкен Ақсу, Бақанас ауылдарында мемлекеттік бағдарлама аясында жаңа үйлер салынып, сатып алынып жатыр, — деді Марат Сұлтанғазиев Орталық комммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Сонымен бірге, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйымдар мен спорт саласы өкілдеріне арналған «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасына 3,1 млрд теңге қарастырылып, 120-дан астам азамат баспанамен қамтылмақ.
Бұған дейін облыс әкімі өңірдегі үш ауысымды мектептер мәселесі қалай шешіліп жатқанын түсіндірген еді.
Оған қоса, Алматы облысында Нью-Йорк киноакадемиясы филиалы мен «Атлетико Мадрид» футбол академиясы ашылды.