Алматы облысында миллионнан астам ағаш отырғызылмай қалған

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысында жасыл желектерді кесуге рұқсат алғандар өтем ретінде отырғызуға тиіс болған миллионнан астам ағашты толық көлемде екпеген. Бұл заң бұзушылықты облыстың Мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы анықтады.

Фото: Александр Павский / Kazinform

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында прокуратура ағаштарды өтемдік отырғызу талаптарының орындалуына талдау жүргізген. Нәтижесінде жасыл желектерді кесуге рұқсат беру кезінде белгіленген міндеттемелердің толық орындалмағаны белгілі болды.

Кейінгі жылдары уәкілетті органдар 100 мыңнан астам ағашты кесуге 307 рұқсат берген.

Ең көп заң бұзушылық Еңбекшіқазақ ауданында анықталған. Онда 120 рұқсат негізінде 63 мыңнан астам ағаш кесілген. Алайда оның орнына тиісті көлемде жаңа көшет отырғызылмаған.

— Талдау қорытындысы бойынша прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қазірдің өзінде 150 мыңға жуық ағаш отырғызылған, ал 11 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар облыстың жасыл қорын толық түгендеу және көгалдандыру жұмыстарын ғылыми сүйемелдеу мәселелерін пысықтау басталды.

Бұл мәселе облыс прокуратурасының бақылауында.

Еске салайық, бұған дейін Алматы ботаникалық бағында 72 жыл бойы өсіп тұрған ағаш кесілгенін хабарлағанбыз.