Алматы облысында салмағы 3 тоннаға жуық есірткі өсірген азамат ұсталды

Алматы облысында өзіне тиесілі жер учаскесінде тыйым салынған өсімдіктерді өсірген алматылық ұсталды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: polisia.kz

Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде Алматы облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының қызметкерлері бірлесіп, Түрген ауылының маңында орналасқан өзіне тиесілі жер учаскесінде тыйым салынған өсімдіктерді өсірген ер адамды анықтайды.

"Аталған дерек ҚР ҚК-нің 300-бабы бойынша Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасында тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері Алматы қаласының М. есімді 44 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Жоғарыда аталған жер учаскесін тінту кезінде салмағы 3 тоннаға жуық 742 түп каннабис өсімдігі табылып, тәркіленді", – деді Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.

Қазіргі уақытта қажетті сараптамалық тексерулер тағайындаумен сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталған адам аудандық уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.