Алматы облысында шомылу маусымы басталғалы 5 адам суға кетті
ҚОНАЕВ.KAZINFORM – Алматы облысында шомылу маусымы басталғалы 5 мыңнан аса рейдтік іс-шара жүргізілген.
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ералы Разакулов рұқсат етілмеген аумақта суға түсу, қауіпсіздікті сақтамау, мас күйінде шомылу адам өліміне әкелетінін айтады. Оның айтуынша, шомылу маусымы басталғалы балалар өлімі тіркелмеген және жазатайым жағдайдан құтқарушылар 14 азаматтың өмірін сақтап қалған. Дегенмен жаз басынан бері оқыс оқиға салдарынан 5 адам көз жұмған.
«Биыл аймақта облыс әкімдігінің қаулысымен жағажайда демалуға арналған 103 орын белгіленді, оның ішінде 7 коммуналдық жағажай бар. Тұрғындарға, қала қонақтарына тек шомылуға рұқсат етілген жерлерде демалуды және де балалар қауіпсіздігін назарға алуды сұраймыз», - деді Ералы Разакулов.
Еске салайық, бұған дейін Іле-Алатау паркіне баруға уақытша шектеу қойылғанын жазған едік.