Алматы облысында сталкерге сот үкімі шықты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы облысының Еңбекшіқазақ аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы бойынша (сталкинг) айыпталған азаматқа қатысты іс қаралды.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana Pro

Сотпен мәліметінше, жәбірленуші мен сотталушының туыстық байланысы бар. Жәбірленушінің күйеуі сотталушымен бірге тұратын әйелдің туған бауыры. Жәбірленушінің үйінде кәмелетке толмаған жиені тұрады. Сотталушы бірге тұратын әйелінің баласын заңсыз ұстап отыр деп есептеп, осыған байланысты қудалау әрекеттерін жасаған.

- 2025 жылдың күзінен бастап сотталушы жәбірленушінің еркіне қарсы әрекеттер жасады. Ол «WhatsApp» мессенджері арқылы телефон қоңыраулары мен хабарламалар жолдау арқылы байланыс орнатуға тырысқан. Жәбірленушінің онымен қарым-қатынас жасауды қаламағанына қарамастан, сотталушы мәтіндік және дауыстық хабарламалар жіберуді, оның ішінде түнгі уақытта да мазалауды жалғастырған. 2026 жылғы 10-12 ақпан аралығында ол бірнеше рет хабарламалар жіберіп, телефон қоңырауларын жасаған, олардың бір бөлігін кейіннен өшірген, - деп хабарлады Еңбекшіқазақ аудандық соты.

Сот заңсыз әрекеттердің салдарынан жәбірленуші өзінің қауіпсіздігі үшін алаңдап, қорқыныш сезінгенін, жүріп-тұру еркіндігін шектеуге мәжбүр болғанын, ұйқысы бұзылып, эмоционалдық жағдайы нашарлағанын атап өтті.

Нәтижесінде сот Б.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 60 сағат қоғамдық жұмыс түрінде жаза тағайындады. Сонымен қатар, сотталушыдан Жәбірленушілер қорына 5 АЕК көлемінде мәжбүрлі төлем өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Еске салайық, Қызылордада сталкинг жасаған 4 адамға қатысты үкім шықты.