Қылмыстық істі Еңбекшіқазақ аудандық соты қарады. Ер адам Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы «Сталкинг» бойынша айыпталған.
Сот анықтағандай, сотталушы 2025 жылдың күзінен бастап әйелге бірнеше рет қоңырау шалып, WhatsApp арқылы хабарламалар жіберіп, онымен қарым-қатынас орнатуға тырысқан. Әйел онымен байланыс жасаудан үзілді-кесілді бас тартқанына қарамастан, ер адам оны аңдуын жалғастырған.
Соның салдарынан жәбірленуші өзін қауіпсіз сезінуден қалып, күнделікті өмір салтын өзгертуге мәжбүр болған.
Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінгенін ескерді. Қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот ер адамды Қылмыстық кодектің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 60 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.
Сонымен қатар одан Жәбірленушілерге өтемақы қорына 5 АЕК не 21625 теңге мәжбүрлі төлем өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Еске салайық, Қызылордада сталкинг жасаған 4 адамға қатысты үкім шыққан еді.