Әлеуметтік желіде зақымданған жолдың бейнежазбасы тарады.
Бұл жағдайға қатысты Қарасай ауданының әкімдігі түсініктеме берді. Ресми мәліметке сәйкес, 25 тамыз сағат 04:00 шамасында Қайрат ауылындағы жоғарғы Қаскелең тасжолына қосылатын Қызылжар көшесінің бұрылысында су құбыры жарылып, салдарынан жол төсемі зақымданған.
— Қызылжар көшесімен жүру уақытша жабылды. Қаскелең республикалық автожолында қозғалысқа шектеу қойылмаған, көлік қатынасы Жандосов ауылы тарапынан жүріп жатыр. Сағат 09:00–де «СК Старвэй» мердігер ұйымының күшімен жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары басталды, — деп хабарлады әкімдіктен.
Оқиға орнында 2 арнайы техника мен 4 жұмысшы жұмылдырылған. Аудан әкімдігі жағдай бақылауда екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Алматы маңындағы карьерде топырақ опырылды.