АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысының прокуратурасы Ұйғыр ауданында 2008 жылы жеке меншікке берілген 29,1 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтаруға қол жеткізді. Жердің жекеге өтуі ауыл тұрғындарының мал жаюына және су ресурстарын пайдалануына кедергі келтірген.
Аталған жер учаскесінде тоған, көлемі 0,7 гектар гидротехникалық құрылыс және 0,5 гектар зират орналасқан.
Жер жеке меншікке берілгеннен кейін жергілікті тұрғындар мал жаю және су ресурстарын пайдалану кезінде шектеулерге тап болған.
— Жер және су заңнамасының талаптарына сәйкес, мұндай жер учаскелерін үшінші тұлғалардың жеке меншігіне беруге болмайды. Прокуратураның талап арызы бойынша сот жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды, — делінген хабарламада.
Еске салайық, мұның алдында Түркістан облысында 200 мың гектарға жуық жайылым мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлаған едік.
Мейірман Лес
Еуразия ұлттық және Қазақ ұлттық университеттерін бітірген. Республикалық "Ұлан" газетінде, Baribar.kz, Holanews.kz, Zakon.kz, Tengrinews.kz, Massaget.kz, Ulysmedia.kz порталдарында журналист, продюсер, шығарушы/шеф/бас редактор қызметтерін атқарған. 2025-2026 жылдары Kazinform агенттігінің Алматыдағы меншікті тілшісі болып еңбек етті, қазір қазақ редакциясының шығарушы редакторы.