Тұрғындар үйден шыққанда газ құбырын аттап өтуге мәжбүр. Бұл жағдайдың бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады. Оған «QazaqGaz Aimaq» АҚ Алматы өндірістік филиалы түсініктеме берді.
Ресми жауапқа сәйкес, Алматы облысы Ардагер-Ветеран ауылында ұзындығы 130 метр болатын жерүсті газ құбырын 2011 жылы «АДФ Строй» ЖШС салған. Бірақ құрылыс жүрген уақытта бұл мекенжайларда тұрғын үйлер болмаған. Ал 2013 жылдың 4 мамырында аталған газ құбыры «QazaqGaz Aimaq» АҚ Алматы өндірістік филиалының теңгеріміне берілген.
— «АДФ Строй» ЖШС газ құбырын салған кезде бұл аумақта тұрғын үйлер болмаған, жер телімі игерілмеген еді. Кейіннен аталған аумақта тұрғын үйлер салынып, соның салдарынан қолданыстағы жерүсті газ құбыры қазіргі үйлердің қақпасының алдынан өтеді, — делінген жауапта.
Сондай-ақ «QazaqGaz Aimaq» АҚ халықтың өтініштерін ескере отырып өз қаражаты есебінен газ құбырының осы учаскесін қайта монтаждау туралы шешім қабылдағанын хабарлады.
— Жұмыстар барлық қажетті техникалық талаптар мен қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізіледі. Компанияның басты міндеті — тұрғындар үшін туындаған қолайсыздықты жою, сонымен бірге 24/7 режимінде сенімді әрі қауіпсіз газ беруді қамтамасыз ету, — деп хабарлады компания.
Еске салайық, бұған дейін Астанада газ желілеріне қосылу онлайн форматқа көшкенін жазғанбыз.