Алматы облысында ҰОС ардагерлері дауыс берді

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында мәслихат сайлауында соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен ғасыр жасаған қариялар өз таңдауын жасады.

Фото: Алматы облысының ӨКҚ

Іле ауданында тұратын 103 жастағы соғыс ардагері Тәңірберген Толғанбаев пен Жамбыл ауданындағы 99 жастағы майдангер Федор Ковалев үйден дауыс берді.

Фото: Алматы облысының ӨКҚ

Одан бөлек Райымбек ауданының Сарыбастау ауылында тұратын 103 жастағы Раушан Нұрақынова да өз таңдауын үйінде жасады. №781 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері дауыс беру жәшігін алып, кейуананың үйіне арнайы барды. Кеген ауданында тұратын 104 жастағы тыл ардагері Күлпара Шортанова да сайлауға белсенді қатысты. №573 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері дауыс беру жәшігін жеткізді.

Фото: Алматы облысының ӨКҚ

Ал Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында тұратын 105 жастағы Аятхан Шәріпқожа сайлау учаскесіне келіп дауыс берді.

- Ең бастысы – еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Жастарымыздың болашағы жарқын болып, елдің, өңірдің дамуына еңбек ететін азаматтар көбейсін, – деді Аятхан апа.

Еске салайық, ел бойынша 3 447 депутаттық орынға 10 971 үміткен тіркелген. Оның 1 219-ы партиялық тізімге енген, ал 9 752-сі бірмандатты округтер бойынша үміткер.

Әрбір мандат үшін орта есеппен үш адамнан бақ сынайды. 20 облыстық мәслихатқа 668 депутат, 38 қалалық мәслихатқа 626 депутат, ал 170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат сайланады.