Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасы мәліметінше, әйел Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылының тұрғыны және сонда есепте тұрған. Жүктілік кезінде ол тұрғылықты жері бойынша бірнеше рет баланы сақтау терапиясынан өткен.
18 шілдеде сағат 03:00 шамасында толғағы басталған әйелді жедел жәрдем бригадасы ауруханаға жеткізген.
— Жатырда үшемнің болуын, толғақ пен қағанақ суының кеткенін ескере отырып, пациентті басқа клиникаға ауыстыру мүмкін болмады. Мұндай клиникалық жағдай ана үшін де, балалар үшін де өте жоғары қауіп-қатер төндіреді. Оның ішінде жылдам босану, плацентаның ажырауы, кіндіктің түсіп кетуі және инфекцияның дамуы ықтимал. 25-апталық мерзімде үшем босану — аса қауіпті жағдай және шұғыл шара қабылдауды талап етеді. Осыған байланысты жүкті әйел ауруханаға жатқызылды, — деп түсіндірді аурухана өкілдері.
Сағат 07:00 шамасында әйел үшемді босанған. Емхана мәліметінше, жаңа туған нәрестелердің салмағы 500 грамнан аспаған.
— Жүктіліктің мұндай мерзімінде өмірлік маңызды ағзалар, ең алдымен өкпе мен орталық жүйке жүйесі әлі толық қалыптасып үлгермейді, бұл балалардың аман қалу мүмкіндігін айтарлықтай төмендетті, — деп хабарлады мекемеден.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір медициналық мекемеде қызмет көрсету сапасына ішкі аудит жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, Астанада қонақүйдің кәріз жүйесінен шала туған нәрестенің денесі табылды.