Алматы облысында заңсыз қару мен аңшылыққа қатысты 6 қылмыстық іс қозғалды

Фото: Видеодан скрин

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысының аумағында ақпан айында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, заңсыз аң аулау мен балық аулау деректерінің алдын алу, сондай-ақ қару қолдануға қатысты заңсыз әрекеттерді анықтауға бағытталған рейдтер барысында облыс бойынша барлығы 362 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 282 дерек — аң аулау ережелерін бұзу, 53 дерек — балық аулау талаптарын бұзу, 21 дерек — табиғатты қорғау заңнамасын бұзу. Аталған 21 деректің 15-і азаматтық аңшылық қаруды сақтау ережелерін бұзу болса, алтауы қаруды заңсыз иелену фактілері.

— Анықталған заң бұзушылықтар бойынша 6 қылмыстық іс қозғалды. Олардың ішінде балық ресурстарын және басқа да су жануарларын заңсыз алу, заңсыз аң аулау, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктерге қатысты заңсыз әрекеттер, сондай-ақ ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу немесе бүлдіру фактілері бар, — деп хабарлады департаменттен.

Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша да тиісті шаралар қабылданып, құқық бұзушылар заңнама талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылған.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда заңсыз ауланған 700 келі балық анықталғанын жазғанбыз.