ІІМ мәліметінше, интернет пен әлеуметтік желілерде жасөспірімдердің жалған хабарламалар тарату деректері жиілеген.
Алматы облысында терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жасағаны үшін 9-сыныптың екі оқушысы ұсталды. Тергеу барысында олардың Астана қаласы мен Алматы облысындағы осындай 14 фактіге қатысы бары анықталған.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысындағы 9-сынып оқушысы әлеуметтік желідегі жанжалдан кейін басқа адамдардың атынан Шымкент қаласы әкімдігі мен Ақтаудағы сауда үйлерінің біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы электрондық хаттар жіберген.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, олар қылмыс жасау кезінде анонимді телефон нөмірлері мен электрондық пошталарды пайдаланған.
– Бұл «әзіл» немесе қалжың болса да, мұндай әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Жалған қауіп туралы хабарламалар адамдар арасында дүрбелең туғызып, шұғыл қызметтердің жұмысына кедергі келтіреді. Мұндай әрекеттер үшін бас бостандығынан айыруға дейін жауапкершілік қарастырылған, – деді Аман Әубәкіров.
ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасарының айтуынша, мұндай жағдайлардың барлығы мұқият тексеріліп, күдіктілер заманауи технологиялардың көмегімен анықталады.
Полиция азаматтарды тексерілмеген ақпарат таратпауға және балаларға мұндай әрекеттердің салдарын түсіндіруге шақырды.
Айта кетейік, ІІМ терроризм туралы жалған ақпарат таратқандар да қылмыстық жауапқа тартылатынын мәлімдеді.