Алматы облысында жарты млрд теңге бөлінген кәріз құбырының құрылысы аяқсыз қалған

Қонаев қаласында мемлекеттің қаржысын тендерден ұтып алған компания жұмысты аяқтамай кеткен, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Алматы облысының әкімдігі

Жауапты компания жұмысты былтыр бастаса да, небәрі 7 шақырым кәріз құбырының жартысын ғана тартқан.

«Былтыр қазан айында Қонаев қаласындағы Гүлдер, Қарлығаш шағынаудандарында «Сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта жаңарту» жұмыстары басталды. Оған бюджеттен 481 645,8 мың теңге қаржы қарастырылған. Аталған жұмыс бойынша 17,8 шақырым су құбыры, 7,13 шақырым кәріз құбыры тартылуы керек», - деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарымен «Шах» ЖШС айналысып жатыр. Қазіргі таңда су құбыры 100 пайыз тартылған, ал кәріз құбыры бойынша жұмыстың 50 пайызы ғана аяқталған.

Фото: Алматы облысының әкімдігі

«Мердігер ұйым белгілі бір себептерге байланысты жұмысты уақытша тоқтатқан. Бұған дейін қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТҮКШ) бөлімі компанияның үстінен 2 рет талап арыз жазған. Егер серіктестік істі келісімшартта көзделген уақытта аяқтамаса, ТҮКШ бөлімі сотқа жүгінбек. Бұл шешім тұрғындардың толассыз шағымынан кейін шығарылды. Сондай-ақ мердігердің жұмысы әкімдіктің бақылауына алынды»,- деп атап өтті әкімдіктен.