Алматы облысында жарты жылда 1,5 мың жол-көлік оқиғасы болды

Фото: Canva

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында «Қауіпсіз жол» іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері заманауи техникалық құралдар арқылы рейдтер жүргізіп жатыр.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірде 1447 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Одан бөлек биыл жол қозғалысы ережелерін бұзудың 110 мыңға жуық дерегі анықталған. Атап айтқанда, техникалық ақауы бар көлік жүргізу — 11 029 жағдай, тоқтау және тұру ережелерін бұзу — 2542 жағдай, қарсы жолаққа шығу — 615 жағдай, мас күйде көлік жүргізу — 479 жағдай, жаяу жүргіншілермен байланысты бұзушылықтар — 13 697 жағдай.

Жол ережелерін бұзу деректерін анықтау және алдын алу үшін облыстық полиция заманауи технологияларды пайдаланып жатыр.

— Талғар тас жолында бірнеше техникалық құралдарды қамтитын жасырын патрульдеу жүйесі енгізілген. Дрондар — әуеден қауіпті маневрлер мен қарсы бағытқа шығу жағдайларын бақылап түсіреді, EKIN PATROL жүйесі — көлік нөмірлерін автоматты түрде анықтап, жылдамдықты асыру, техникалық байқаудан өтпеу, сақтандыру полисінің болмауы секілді құқықбұзушылықтарды тіркейді. Ал жасырын патрульдер — арнайы белгілері жоқ автокөліктер, олар нақты уақыт режимінде жүргізушілердің әрекеттерін бақылап, полицияның тікелей қатысуынсыз өрескел заңбұзушылықтарды тіркей алады, — деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жүк көлігі, 3 жеңіл көлік және автобус соқтығысып, 23 адам зардап шеккенін жазғанбыз.