Алматы облысында жас қыздың өліміне күдікті 20 жастағы жігіт ұсталды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысының полиция департаменті адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Әлеуметтік желіде Қаскелең қаласында жас қыздың кісі қолынан қаза тапқаны туралы мәлімет тарады. Полиция бұл деректі растап, жедел-іздестіру шаралары барысында 20 жастағы күдікті ұсталғанын хабарлады. Ол өз кінәсін мойындаған.
— Қазіргі уақытта іс бойынша болған жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу іс-қимылдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, — деп хабарлады департаменттен.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында жеті жасөспірім 7-сынып оқушысын зорлады деген күдікке ілінгенін жазғанбыз.