Партияның Алматы облыстық филиалы мәліметінше, партия белсенділері 1986 жылы пайдалануға берілген Санжар Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік техникалық колледжіне маниторинг жүргізді. 300 орынға шақталған студенттер үйі 38 жылға жуық уақыттан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Бүгінде мұнда 50-ге тарта студент тұрады.
«7 мамандық бойынша 600-ге тарта шәкіртке кәсіптік білім беріп отырған іргелі мекеменің жәй-күйі сын көтермейді. Жатақхана қабырғаларының сылағы түсіп, ас үй мен тазалық бөлмелерінің тозығы жетіп тұр. Су жүйелерінің де жағдайы тым нашар. Оған қоса қаланың қақ ортасында тұрып интернет желісіне қосылмаған», – дейді Алматы облыстық мәслихат депутаты Әсел Заирова.
Ал колледж директорының айтуынша, білім ордасында интернет бар, тек жылдамдығы нашар.
«Интернеттің жылдамдығы төмен. Сондықтан ашылмай тұрған шығар. Ал былай интернет бар. Материялдық база да бәрі бар. Бірақ жаңартуды қажет етеді. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге көптен бері өтінім беріп келеміз. Алайда, қаржы қарастырылмай жатыр», – дейді колледж директоры Рустембек Бәкіров.
Сондай- ақ мониторниг тобы Қаскелең мәдениет колледжіне де барды. Мұндағы студенттер үйі 55 жыл бұрын салынған. 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен. Алайда, электр жүйесінде қауіпсіздік талаптары сақталмаған.
«Студенттер лас төсеніштерді қолдануға мәжбүр. Біз барған қос мекеменің мүшкіл жағдайы көптен бері айтылып, көтеріліп келеді. Білім басқармасына депутаттық сауал да жолданған болатын. Өкінішке қарай жауап әлі күнге дейін жоқ», – дейді аманаттық депутат.
Партия өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта өңірдегі барлық орта арнайы оқу орындарындағы жатақханалар тексеріледі.