Алматы облысында жер учаскелерінің мақсатын өзгерткені үшін 1,5 млрд теңге төлемегендер анықталды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Алматы облысының прокуратурасы жер учаскелерінің мақсатын өзгерткені үшін жер пайдаланушылардың 1,5 млрд теңге төлемеу деректерін анықтады.

Фото: Kazinform

Ведомстводан мәлім еткендей, заңға сәйкес, мұндай әрекеттерді жасаған кезде жер учаскесінің иесі жер учаскесінің кадастрлық құнын төлеуге міндетті. Облыс бойынша осындай 100-ден астам жер иесі анықталды.

Облыс прокуратурасы қабылдаған шаралар бойынша бүгінгі күні бюджетке 236 млн теңге қайтарылды, қалған сома өндіріліп жатыр. Бұдан бөлек, 2024 жылы 2,5 млрд теңге тұратын, аумағы 12,5 мың га пайдаланылмаған жер 155 учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.

«Мысалы, 2020 жылы Қонаев қаласында бір кәсіпорынға гидроэлектростанция салу үшін аумағы 500 га 5 жер учаскесі берілді. Алайда құрылыс осы күнге дейін басталмаған. Іле ауданында «Solid Cristal» ЖШС-ға 339 млн теңге тұратын 38 га учаске алған, ол алты жылдан астам уақыт бойы пайдаланылмаған. Облыс прокуратурасының шараларымен бұл учаскелер мемлекеттік меншікке қайтарылды», - деп атап өтті прокуратурадан.

Қазір 1 млн гектарға жуық пайдаланылмаған жерді қайтару жұмыстары жүріп жатыр.