Алматы облысында жоғалған үш балықшы аман-есен табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы облысында бірнеше күннен бері іздестірілген үш балықшы аман-есен табылды, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.

Фото: Видеодан алынған скрин

Ведомствоның мәліметінше, 112 пультіне ер адамдардың бірінің жұбайы хабарласып, олардың 1 шілде күні Бартоғай – Ассы үстірті – Түрген бағытымен балық аулауға кеткенін, содан бері байланысқа шықпағанын және белгіленген уақытта оралмағанын жеткізген.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖМ күштері мен құралдары, жедел-құтқару жасағының қызметкерлері, «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының мамандары, кинологиялық есептоп және ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды.

- Іздестіру барысында ер адамдар Ассы шатқалы жағынан автокөлікпен өздігінен шыққаны анықталды. Оларға медициналық көмек қажет болмаған, - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Астанада жоғалған адамдарды іздеуге дрондар қолданылып жатыр.