Алматы облысындағы 5 ауданды су басу қаупі жоғары

Фото: Фото: Алматы облысы ТЖД

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы облысының бес ауданы су басу қаупі жоғары аймаққа жатады. 

Былтыр көктем кезіндегі су тасқыны еліміз үшін үлкен сынақ болды. Табиғат апатының салдарынан мыңдаған адамның үйін су басты, біраз тұрғын қауіпті аудандардан көшірілді. Биыл бұл жағдай тағы қайталанбауы үшін еліміздің көптеген өңірінде су тасқыны кезеңіне қарқынды дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Оның қатарында – Алматы облысы да бар. Республиканың оңтүстік-шығысында су тасқынына қарсы қандай жұмыстар атқарылып жатқанын облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Фото: Алматы облысы ТЖД

Гидропосттар қойылды

Алматы облысы ТЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы Дәурен Оразбековтың айтуынша, өңірдегі жағдайды бағалау үшін барлығы 42 гидропост орнатылған («Қазгидромет» РМК-дан 27 және «Қазселденқорғау» ММ-ден 15). 

— Топырақтың қату тереңдігі – Еңбекшіқазақ ауданында 10 см. Бұл – ең азы. Кеген ауданында ең жоғары – 94 см. Ең аз қар жамылғысы Еңбекшіқазақ және Іле аудандарында – 1-2 см, ал ең жоғары деген Кеген ауданында – 20 см. Өзен арналары бойынша су ағыны тұрақты, – деді ол.

Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының мәліметтеріне сәйкес, облыстың Қапшағай, Күрті, Бартоғай және Бестөбе сияқты ірі су қоймаларын толтыру штаттық режимде жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда олардың толымдылығы 31,5%-дан 92,2%-ға дейін. Атап айтқанда, Бестөбе – 31,5%, Күрті – 53%, Бартоғай – 74%, Қапшағай – 92,2%. Өңірдегі қалған су қоймалары транзиттік режимде жұмыс істейді және олардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Фото: Алматы облысы ТЖД

Арықтар мен каналдар тазаланды

Өткен жылдың қараша айынан бастап 2025 жылдың су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары аясында 77 км арық жүйесін салу және жөндеу, сондай-ақ 79 км су бұру каналдарын орнату және механикалық тазарту жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 23,5 км болатын өзен арналарын, оның ішінде Райымбек ауданының Баянкөл және Текес өзендерін, Ұйғыр ауданының Баянқазақ және Шарын өзендерін, Еңбекшіқазақ ауданының Түрген және Таусүгір өзендерін, сондай-ақ Қарасай ауданының Қырғауылды өзенінің арнасын нығайту және түзету жұмыстары істелген. Автожолдардың астындағы су өткізетін 270 құбыр және темір жолдардың астынан 832 құбыр тазартылған. Одан бөлек Райымбек ауданында жалпы ұзындығы 7,9 км болатын 5 қорғаныс бөгеті, ал Кеген ауданында 2 автожол көпірі салынды.

Сонымен қатар көктемгі су тасқынына дайындық аясында жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдар, жекеменшік ұйымдардың иелері және тұрғындар 52,9 шақырым арық пен 27,9 шақырым каналды тазартқан. Ал аудан және қала әкімдіктері елді мекендерден қар шығару үшін мердігерлік ұйымдармен келісімшарт жасасып, 6 қар төгетін орын белгіленген. Жалпы жыл басынан бері елді мекендерден 150 мың текше метр қар шығарылды. 

Биыл Іле және Қарасай аудандарының шекарасын кесіп өтетін Жармұхамбет өзенінің бойында орналасқан Асқар Тоқпанов (бұрын КазЦИК) ауылдық округінің төрт саяжайында су басу қаупін азайту үшін аудан әкімдігі №0351 аэромобильді әскери бөлімімен бірлесіп құм салынған қаптарды пайдаланып, өзен жағасының 1 000 метр аумағын нықтаған. Оған қоса, Жармұхамбет өзенінің бойы 6 бірлік арнайы техника арқылы тазартылып, каналдың су өткізу қабілетін арттыру жұмыстары орындалды.

Бұдан басқа, Балқаш ауданы Бақанас ауылының аумағында өзен арнасын түзету және жағалауды нығайту жұмыстары жоспарланған. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі осы жұмысқа қаржы бөлуді қарастырып жатыр.

— Су тасқынының алдын алу жұмыстары тұрақты бақылауымызда, – дейді Дәурен Оразбеков.

Фото: Алматы облысы ТЖД

Қай аудандарда қауіп бар

Алматы облысында су тасқынының алдын алу үшін қауіпті бағалаудың үш деңгейі енгізілген. Жоғары қауіп аймақтарында Жамбыл, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ және Іле аудандары жатады. Райымбек, Кеген және Ұйғыр аудандары орташа тәуекелдегі аймақтар, ал Балқаш ауданы мен Қонаев, Алатау қалаларына төнетін қауіп деңгейі төмен.

Айта кеткен жөн, облыста анықталған 20 су тасқыны қаупі бар учаскелердің жетеуі 2023-2024 жылдар аралығында толығымен жойылған. Қалған 13 учаскеде биылғы су тасқынына қарсы іс-шаралар шеңберінде су басу қаупін азайту бойынша белсенді жұмыстар атқарылып келеді.

— Алматы облысының аумағы таулы аймақта орналасқан. Бұл қатты жауын-шашын кезінде белгілі бір деңгейде қауіп тудырады. Таулардан еріген сулар елді мекендерге ағып келсе, бұл көше мен жолдарды су басуына әкелуі мүмкін. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арықтарды, каналдар мен су өткізетін құбырларды тазартып жатыр, – деп атап өтті ТЖД бастығы.

Фото: Алматы облысы ТЖД

Арнайы техника мен құтқарушылар дайындығы қалай

Облыста су тасқыны жағдайы асқынған жағдайда іс-қимыл жасайтын арнайы топ құрылған. Онда 1 529 адам, 587 бірлік техника, 86 мотопомп және 36 жүзу құралы бар. Бұл топтың құрамына әртүрлі құрылымдар енген: 

- Төтенше жағдайлар департаменті – 195 адам, 142 техника, 31 жүзу құралы, 32 мотопомп;

- Жергілікті атқарушы орган – 1284 адам, 433 техника, 50 мотопомп;

- №28237 әскери бөлі – 50 адам, 12 техника, 4 мотопомп және 5 жүзу құралы;

- Алматы облысы Полиция департаменті – 316 адам, 158 техника.

Сонымен қатар су тасқыны кезінде үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету үшін 54 мың қапшық, 2 800 тонна инертті материал, 86 тонна жанар-жағармай дайындалып және тамақтандыруға 52 шарт жасалған.