Алматы облысындағы «Барыс» базарының 30 пайызы мемлекетке қайтарылған

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында «Барыс» базарын толық мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыс жүріп жатыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Қарасай ауданы прокуратурасы қазіргі уақытта автокөлік базарының 11 гектар аумағы, яғни 30 пайызы мемлекет иелігінде екенін мәлімдеді. Қалған 25,5 гектар жер учаскесінің меншік иесі — «Auto market Karasay» ЖШС.

— Қарасай аудандық сотының шешімімен «Барыс» автокөлік базарының 36,5 га аумағынан 11 га бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қалған бөлігін мемлекет меншігіне қайтару бойынша аудан прокуратурасымен сотқа талап арыз жолданды, — делінген прокуратура мәлімдемесінде.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы қаласына жақын орналасқан «Барыс» автокөлік базарының болашағына қатысты пікір білдірді.

— Егер біз істі жеңіп, 36 гектардан астам жер телімін облыс қарамағына қайтара алсақ, бұл жерде өнеркәсіптік индустриялық аймақ құру жоспарда бар, — деді ол.

2023 жылы сот «Барыс» автокөлік базарының жер учаскелерін сатып алу-сату шартын жарамсыз деп таныған болатын.