Алматы облысындағы таулы аймақта құрғақ шөп өрті сөндіріліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы таулы аумақта құрғақ шөп өртеніп жатыр. Өртті сөндіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациясы тартылды.

Фото: видеодан кадр/ТЖМ

ТЖМ мәліметінше, өрт Байдібек би ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан Бақтияр сай шатқалындағы мемлекеттік жер қоры аумағында шыққан.

Өртті сөндіру жұмыстарын Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Дәурен Оразбеков үйлестіріп жатыр.

– Өртті жоюға ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығының 70 қызметкері, 15 техника, сондай-ақ ТЖМ-ның «Қазавиақұтқару» авиациясы жұмылдырылды, – делінген министрлік хабарламасында.

ТЖМ авиациясы жалпы көлемі 51 тонна суды 17 мәрте төкті.

Қазіргі уақытта жоғары температура мен жылдамдығы секундына 4 метрге дейін жететін солтүстік-батыс жел өртті сөндіру жұмыстарын қиындатып отыр.

Өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай Төтенше жағдайлар министрлігінің бақылауында.

Айта кетейік, Ақмола облысында найзағай салдарынан құрғақ шөптің өртенуі жиіледі.