Алматы облысындағы теміржол бекетінде ұйымдаса ұрлық жасаған топ жазаланды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы аумағында жасалған ірі көлемдегі металл ұрлығы ашылды.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 2024 жылы 23 қыркүйекте Іле ауданының Жетіген станциясында болған. «Майқұдық — Жетіген» бағыты бойынша келе жатқан жүк контейнерінен белгісіз адамдар жалпы құны 2 млн теңгеден асатын 23 дана мыс табақты ұрлап кеткен.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қонаев станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері қылмыстық топтың бес мүшесін ұстаған.
— «СОБР» арнайы жасағының қатысуымен жүргізілген арнайы операция кезінде Алматы қаласында күдіктілердің үшеуі бір мезетте ұсталды. Кейінірек тергеуден жасырынбақ болған тағы екі сыбайласы анықталып, қолға түсті. Бөгде мүлікті алдын ала сөз байласу арқылы топ болып, ірі көлемде ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Сот барлық айыпталушыны кінәлі деп танып, оларға бас бостандығынан айыру және шектеу жазаларын тағайындады, — деп хабарлады департаменттен.
Еске салайық, теміржол вокзалдарын жөндеу жұмыстары кешеуілдеген өңірлер белгілі болды.