Алматы облысының құтқарушылары жаңа техникалар алды

Фото: ҚР ТЖМ

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Қонаев қаласында Алматы облысының ТЖД бөлімшелеріне жаңа өрт сөндіру-құтқару техникасы табысталды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жариялады. 

Көліктердің кілтін ведомство басшысы Шыңғыс Әрінов табыс етті.

Құтқарушылардың автопаркі өрт сөндіру автоцистерналарымен, жедел көліктермен, сорғы-жеңқұбырлы құрылғылармен және квадроциклмен толықты. Техника өңірдің географиялық ерекшеліктері мен қызмет алдында тұрған міндеттерді ескере отырып таңдалған.

— Бұл өңірлік бөлімшелерді жарақтауды біріздендіруге бағытталған ведомстволық бағдарламаның бір бөлігі. Енді құтқарушылардың техникасы, жұмыс әдістері мен стандарттары еліміздің барлық өңірлерінде біркелкі болады, — деді Шыңғыс Әрінов.

Жаңа техника төтенше жағдайлар кезінде құтқарушылардың ден қою жылдамдығы мен жеделдігін айтарлықтай арттырады. 

Фото: ҚР ТЖМ

Мұндай техникалар жуырда Шығыс Қазақстан облысының құтқарушыларына да табысталған болатын

Сондай-ақ Ақтөбе облысына да жаңа техникалар жеткізіліп, құтқарушыларға қызметтік пәтер берілді.