Алматы облысының соты Жомарт Ертаевтың қамауға алынатынын растады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облыстық сотында сотталған Жомарт Ертаевқа қатысты рақымшылықты қолдану мәселесі бойынша материал апелляциялық тәртіпте қаралды.
Облыстық сот мәліметінше, 2025 жылдың 2 қыркүйегінде Алматы облысы Алатау қаласы сотының қаулысымен Жомарт Ертаевтың өтініші қанағаттандырылып, оған 11 ай 16 күн өтелмеген жаза мерзімі бойынша рақымшылық қолданылып, босатылған.
Аталған рақымшылық тармағына сәйкес, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған, жағымсыз мінез-құлқы жоқ, өтеуге қалған жаза мерзімі 1 жылдан аспайтын сотталғандарға жазаның өтелмеген бөлігі қысқартылады.
— Ертаев екі үкім бойынша сотталған: 2020 жылғы 16 қарашадағы және 2021 жылғы 3 наурыздағы үкім. 2021 жылғы 25 маусымдағы Алматы қаласы Алмалы ауданы сотының қаулысымен бұл үкімдер жиынтығымен түпкілікті жаза мерзімі белгіленген. Алайда Ертаевқа жаза мерзімі қай үкімнен бастап есептелетіні көрсетілмеген. Алатау қаласы сотының қаулысымен № 14 мекеменің анықтамасы арасында өтелмеген жаза мерзімі бойынша айырмашылық бар. Сонымен қатар мекеме анықтамасына басшы қол қоймаған. Жоғарыда аталған мән-жайларға байланысты, сотталған Ертаевқа рақымшылық актісін қолдану туралы сот қаулысы күшін жойды, оның өтініші қанағаттандырусыз қалдырылды, — деп түсіндірді Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан 11 жылға бас бостандығынан айырылған Жомарт Ертаевтың рақымшылыққа ілінуі туралы шешім қайта қаралғанын хабарлады.
Еске салайық, 2020 жылы RBK Bank-тен 144 миллиард теңге жымқырғаны үшін сотталған белгілі банкир Жомарт Ертаев жалпы режимдегі колониядан босатылды.
Жомарт Ертаев 2018 жылғы мамырда Мәскеуде Қазақстан ІІМ Интерпол ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша ұсталған. Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде болған. 2019 жылғы наурызда ол Ресей Федерациясынан Қазақстанға экстрадицияланды.
Тергеу дерегінше, Ертаев 2011-2017 жылдары қызметтік өкілетін пайдаланып, алдын ала сөз байласқан тұлғалармен бірге «Bank RBK» АҚ-нан 144 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді.
Бұл іске барлығы 54 адам тартылып, олардың қатарында 41 топ-менеджер мен банк қызметкерлері болған.
2020 жылғы қарашада Алматы соты Жомарт Ертаевты 11 жылға бас бостандығынан айырды.